Басты Жаңалықтар Арыс қаласында оқ-дәрі сақталған қоймада болған жарылыстан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді

Арыс қаласында оқ-дәрі сақталған қоймада болған жарылыстан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді

Түркістан облысы Арыс қаласында болған жарылыстан бір адам қаза тапты. Қазір өңірде төтеше жағдай жарияланды. Арнайы штаб құрылып, азаматтарды құтқару, оларды қауіпсіз жерге жайғастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ арнайы желі іске қосылып, туған туыстарын жоғалтып алған адамдарға көмек көрсетілуде.

 

Малын өріске жіберіп, таңғы шәйін енді ішіп бола берген Батыровтар отбасы  тап іргесінен естіліген жойқын жарылыстан есеңгіреп қалды. Дүмпуден терезе әйнектері күл-талқан шағылды. Төңірек шаң-тозаң. Жүгірген жұртқа ілесіп бұлар да үйлерін тастай қашты. Содан 6-7 шақырымдай жаяу жүріп, жеткен жері осы биік төбе болды. 

 

Күлпаршын Батырова, Арыс қаласының тұрғыны:

 

Далаға шықтық. Шықсақ мынадай атом бомбасы секілді атылды да, қып-қызыл боп гүрс ете қалды. Бірінші атылғанның өзінде әйнектердің быт-шыты шықты ғой. «Қашыңдар, қашыңдар» деді. «Балаларды әкетіңдер мен қалайын» дедім. Енді, міне, екі немеремнен көз жазып қалдым.

 

Күлпаршын апа секілді Арыс қаласы тұрғындары мен оның төңірегіндегі Қараспан, Бадам, Ақ дала, Мәдениет ауылдарының халқы да таңертеңнен бері осы сергелдеңде жүр.

 

Ғани Қалмаханов, тілші:  

 

45 мыңдай халық тіршілік ететін шағын шаһар қазір қою түтіннің құшағында. Жарылыстар тоқтамай тұр. Әр жерден бір жарылады. Снаряд жарықшақтарынан тұтанған оттан  төңіректегі егіс алқаптары мен жайылымдар өртке оранған. Ал, апаттан үйрейленген жұрт төңіректегі төбелерді паналап, жан сауғалап жүр.

 

Таңертең ең алғашқы лекпен балалар бақшасының тәрбиленушілері арнайы көлікпен Шымкент қаласына жөнелтілді. Олар орталық мешіт, орта мектеп ғимараттарына жайғастырылды. Көпшілік оларға су, тамақ апарып, қолдан келген көмегін беріп жатыр. Сондай-ақ Арыс қаласының ауруханаларында жатқан науқастар да көптің көмегімен қауіпсіз жерге көшірілді.

 

Калара Әлиева, Арыс қаласы тораптық ауруханасының медбикесі:

 

Аурухана қатты қозғалды. Жатқан науқастарды далаға, қырға алып шықтық. Кішкентай балаларды көліктерге салып жібердік. Өзіміз, міне, осы жерге енді келдік.

 

Еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, шығысы мен орталығын батыспен, одан қала берді Ресей және Өзбекстанмен жалғап отырған Арыс темір жолындағы қозғалыс та тоқтаған. Не ары, не бері пойыз жүрмейді.

 

Әсілбек Сүйіндік, Темір жол торабының жұмысшысы:

 

Қазір Қалаш пен бірінші Арыстың ортасы толық жабық тұр. Жолаушылар пойызы адамдарды Шымкенттен түсіріп, сол жерде тұр. Күніне 10-15 пар пойыз өтетін. Кезекшіге жаңа ғана хабарластым. Жолдың қашан ашылатыны белгісіз.

 

Арнайы құрылған штаб әлі де болса апат орнынан шыға алмай жүрген тұрғындарды құтқару үшін үш лагерь жасақтады. Сондай-ақ, Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеуде.

 

Өмірзақ Шөкеев, Облыс әкімі:

 

Үш жерде  құлақтындыру нүктесі белгіленді. Халық өз тарнспортымен, жаяулап 3-5 шақырым жерге қаланың сыртына шығуы керек. Әскерилер калоннамен жинап, дайын лагерлерге апаратын болады. Сол жерде барлық ауданның әкімдері қызметкерлерімен, суымен, тамағымен келіп, жұмыс жасайды. Әрі қарай өздері таратады.

 

Алдын ала жасалған болжам бойынша жойқын жарылыстар қару жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын қоймада тұтанған өрттен пайда болған. Оның өзге де себептері енді тексеріледі. Жалпы әскери бөлімдер көп шоғырланған Арыс ауданы аймағында соңғы он жылдың ішінде осындай 3 жарылыс болған. Оның салдарынан 6 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған. Ал бүгінгі апатқа байланысты әзірге 9 адам ауруханаға жеткізілді.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

 

Бөлісу