Басты Жаңалықтар Мұсылман елдерінде Айт мерекесіне әзірлік қалай жүруде?

Мұсылман елдерінде Айт мерекесіне әзірлік қалай жүруде?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айт намазының уақытын жариялады. Айт намазы 21 сәуір күні Алматы, Астана қалаларында таңғы сағат 7:00-де оқылады. Өзге өңірлерде 6:30 бен 7:30 аралығында басталады. Иә, Айт мерекесіне әзірлік әлем елдерінде қызу жүріп жатыр. Таяу Шығыста мыңдаған адам базарларға ағылса, Индонезияда ондаған миллион тұрғын қалалардан ауылдарға аттанып жатыр. Ал ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыраған Пәкістанда қасиетті айда қайырымдылық жасауға қиынға соғып отыр. Бұл әлемнің ең ірі мұсылман мемлекеті Индонезия. Оның тұрғындары Айтты мерекелеу үшін қазір қалалардан ауылдарға миллиондап аттанып жатыр. Солардың ішінде тіпті әскери кемеге мінгендер де аз емес. Армия қолбасшылығы болса, мың адамды туған жерлеріне тегін жеткізуге келіскен.

Джени Мухибах, әскери кеме жолаушысы:

Біз, әдетте, мотоциклмен саяхаттаймыз. Мынадай кемеге тегін міну ғажап қой, сенсация емес пе? Соны сезінгім келеді. Және де бұл біз үшін жаңа тәжірибе.

Агунг Харибово, кеме капитаны:

Біз сәбилер мен аналарға, сондай-ақ, ер адамдарға арналған бөлмелер дайындадық. Медициналық персонал да әзір. Рамазан айы болғандықтан, жолаушыларға тегін тамақ беріліп, ауызашар жасалады. Және де кемемізде намаз бөлмесі де бар.

Елдің көлік министрлігінің болжамынша, сәуірдің 21-де пойыздармен, автобустармен, жеңіл машиналармен, ұшақтармен 124 миллионға жуық адам жолға шығады. Пәкістан болса, қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Инфляция болса, шарықтап тұр. Демек, жергілікті қайырымдылық ұйымдарында жылдағыдай Құрбан-Байрамда өзгеге көмек көрсететін мұрша жоқ. Сондықтан, Карачидегі жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мейрамға киетін киімдерін биыл өздері тігіп жатыр.

Лайба, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Былтыр бізге дайын көйлек сыйлағандар болды. Биыл сырттан ондай көмек келмеді. Бірақ, тегін мата алдық. Содан көйлек тігіп жатырмыз.

Бұл Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Хеврон шаһары. Израильмен арадағы араздық шиеленісіп тұрса да, палестиналықтар көңілді. Олар бүгінде «ид-әл-Фитр» мерекесіне қамданып, базарларға көптеп барып жатыр. Жергілікті тұрғын Хамаданың Алладан тілері, ең алдымен, тыныштық пен бірлік. Айта кетсек, Таяу Шығыста Айт айдың тууына байланысты сәуірдің 21-де немесе 22-де басталуы керек.

Арыстан Рысбек

Бөлісу