Биыл Кендірлі мен Зайсанда әуежай ашылады
Жаңа жылда жаңа көлік мінемін деп жүргендерге жақсы жаңалық. Темір тұлпарлардың бағасы тағы да арзандауы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің пайымы осы. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Зайсан ауданы мен Кендірлідегі әуежай құрылысы биыл аяқталатынын айтты. Үкіметте айтылған маңызды мәселелерді Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндайды.
Қарт Каспийдің жағасындағы Кендірлі курорттық аймағы мен шығыстағы Зайсан ауданында су жаңа әуежайлар ашылады. Екі әуе айлағының да құрылысы биыл аяқталады. Оның бірі елімізді Әзербайжан, Өзбекстан және Ресеймен байланыстырса, екіншісінен Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне рейстер ашылады.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Жылдың соңына Зайсан ауданындағы әуежайдың құрылысын аяқтаймыз. Ал Катон-Қарағайдағы әуежайды келесі жылдың ақпан айында ел игілігіне табыстаймыз. Кендірлідегі әуежайдың да құрылысын жылдың соңына дейін аяқтап, ел игілігіне табыстаймыз.
Аралдан таңертең шыққан жолаушы кешке Ақтауға жетеді. Арал – Каспий автожолы мен Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жаңа магистральдің құрылысы да алдағы бір-екі жылда аяқталады. Бұрын-соңды болмаған бұл жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, елімізде биыл 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр.
Министр: Көлік бағасы арзандайды
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді осы жолдармен жүретін көлік саны да күрт өсуі мүмкін. Өйткені елде темір тұлпар бағасы арзандайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің сөзінше, соңғы айларда Қазақстанда автокөлік құны 11 пайызға дейін төмендеген.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Мен бағаның төмендеп жатқанын байқап отырмын. Соңғы айларда Қазақстанда шығарылған көліктердің құны шамамен 11%-ға арзандады. Оның үстіне, қазір жеңілдіктер болып жатыр. Жыл соңына қарай былтырғы көліктер былай тұрсын, биыл шығарылған модельдердің өзіне сұраныс төмендейтінін ұмытпаған жөн. Сондықтан менің ойымша, баға тағы да арзандайды.
Тас жолдарда қызмет көрсету сапасы артады
Енді халықаралық автодәліздер бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілмек. Жанармай құю бекеттер мен ондағы әжетхана, дәмхана, қызмет көрсету орталықтарының саны артады.
Биыл 200 кәсіпорын іске қосылады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Елде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады. Жылына 2 млн тонна қара алтын өндіретін кәсіпорын ішкі нарықты қамтамасыз етеді және Орталық Азия елдеріне өнім жеткізеді. Жалпы, жыл соңына дейін елде 200 кәсіпорын іске қосылмақ. Мақсат отандық өндірісті дамытып, импортқа тәуелділікті азайту. Бірақ енді экономикаға оң әсер беретін, нарықта сұранысқа ие жобаларға ғана қолдау көрсетіледі.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Басты мақсат – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Мемлекеттік қолдау ел экономикасына барынша оң әсер беретін жобаларға көрсетіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін бекітті. Енді әрбір жаңа жоба нарықтағы сұранысқа, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының жүктемесіне және жер ресурстарының қолжетімділігіне қарай қаралады.
«Халықтық құрылыс»: Бөлінген қаражат қатаң бақылауға алынады
Жиында «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін қаражат нақты қай салаларға жұмсалатыны да айтылды. Қаржы денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт, білім беру, жылу мен газдандыру, сумен жабдықтау сынды маңызды салаларға бағытталады. Ең бастысы, әр тиынның сұрауы болады. Оны алда құрылатын арнайы комиссия қадағалайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы