Басты Жаңалықтар Ветеринарлардың орташа айлығы 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін

Ветеринарлардың орташа айлығы 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін

Иә, қазір ветеринарлардың орташа жалақысы 250 мың теңге. Ал шалғай ауылдарда маман да техника да жетіспейтіні белгілі. Енді, ветеринарлардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, орташа жалақысы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бүгін Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған жаңа заң жобасында малдың толық тарихы арнайы цифрлық жүйеге енгізілетіні де жазылған. Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Самал Қабышева, тілші:

Ветеринарлардың орташа айлығы 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Құжат қабылданса, ветеринарлар еңбек демалысына шығарда кемінде екі айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын алады. Арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Ғылыми дәрежесі бар мамандарға да қосымша ақы қарастырылған. Ғылым кандидатына 17 АЕК, ғылым докторына 34 АЕК көлемінде төленбек.

Серік Егізбаев, ҚР Құрылтайының депутаты:

Қысқы киімдер – ветеринария мамандардың жұмыс атқарғанда қораға баратын киімдері ғой. Ол қазіргі таңда 200 мың теңге тұрады. Мамандар оны өзінің қалтасынан сатып алады. Соны біз бюджеттен ақша қарастырып, тек қана соның өзіне 1,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Ол да едәуір мамандарға көмек болады.

Самал Қабышева, тілші:

Мамандардың пікірінше, әлеуметтік қолдаудың артуы жастарды осы мамандыққа тартуға және ауылдағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ветеринарлардың кәсіби құқығын қорғайтын, біліктілігін арттыруға ықпал ететін арнайы палата құрылмақ.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Бүгінгі таңға дейін тексеру, бақылау жұмыстары тек қана сауда базарларында ғана қамтамасыз етіліп отырса, біз осы заңнама аясында оны сауда-дүкендеріне де ұлғайтуды қарастырып отырмыз. Бұл мал өнімдерін сатуға, бақылау жұмыстарын күшейтеді.

Самал Қабышева, тілші:

Өзгеріс мал иелері мен қарапайым тұтынушыларға да қатысты. Енді малдың қайдан шыққаны, қандай тексеруден өткені және қайда жеткізілгені цифрлық жүйеде тіркеледі. Ал белгісіз дерттен мал өлсе иесі хабарлауға міндетті болады.

Бота Елеусізова, ҚР Құрылтайының депутаты:

Мал иелеріне жүктелетін міндеттер, мал сойған жағдайда немесе сатқан жағдайда 3 күннің ішінде және мал ауруға шалдығып өлген жағдайда бір тәуліктің ішінде, оларды бірделендіру жүйесі, сырғасының жоғалуы болса, чиптің зақымдануы болса, 3 күннің ішінде хабарлауға осы заңның аясында міндеттеледі.

Самал Қабышева, тілші:

Мұның бәріне бюджеттен жыл сайын шамамен 27 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Сала мамандарын қолдап, малдың есебін түгендеп, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуді мақсат еткен заң жобасын Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

Бөлісу