Басты Жаңалықтар Alatau City жобасы Лондонда талқыланды

Alatau City жобасы Лондонда талқыланды

Қазақстан мен Ұлыбритания инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуде. Лондонда вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған делегация Британ саясаткерлері мен бизнес қауымдастығы және халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Басқосуда Alatau City-дің энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылымын экспорттық кредиттер мен мемлекеттік кепілдіктер арқылы қаржыландыру мүмкіндігі талқыланды. Қазақстан бұл жобаларға британиялық инженерлік компаниялар мен қаржы ұйымдарын тартуды ұсынды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Біз қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарын таныстырдық. Оны әзірлеуге қатысқан серіктестеріміз де өз ұсыныстарын ортаға салды.

Alatau City-де жетекші британиялық оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Лондонда вице-премьер Қанат Бозымбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бра́йтон колледжі, Э́ксетер университеті және Оксфордтағы Мо́длин колледж мектебінің өкілдерімен кездесті. Тараптар халықаралық мектеп ашу, білім бағдарламаларын енгізу және мұғалімдерді бірлесіп даярлау мәселелерін талқылады.

Ричард Салданья, Оксфордтағы Модлин колледж мектебінің басқарушы кеңесінің мүшесі:

Alatau City – болашағы зор жоба. Ол қалада өз мектебімізді ашуға кедергі көріп тұрған жоқпын. Британиялық білім қазақстандық балалар арасында сұранысқа ие болатынына сенемін.

Бөлісу