Басты Жаңалықтар Оңтүстік Қазақстан облысында өзен арнасынан асып егістікті шайып кетті

Оңтүстік Қазақстан облысында өзен арнасынан асып егістікті шайып кетті

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Келес өзені арнасынан асып, Қошқарата ауылындағы егісті алқаптың біраз бөлігі  су  астында қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бөгетте жұмыс істейтін су шаруашылығы мамандарының жауапсыздығынан болған. Олар арнамен келген судың көптігін елең қылмады. «Тек таңертеңгілік барлығымыз жанұшыра айқайлап барғаннан кейін ғана гидротехниктер суды бөгеп тұрған темір тосқауылдарды  әрең ашты», - деп отыр.

Су шаруашылығы мамандары нөсерлі жауын мен қардың жылдам еруінен арнаға сол күндері әдеттегіден  үш есе артық су жиналғанын айтады. Келес өзенінің арнасы тар болғандықтан артық су жағалауға шығып кеткен. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін арнаны биіктетуді  ойластырып жатыр.

«Бесабдал» бөгеті секундына 200 текше метр су өткізуге қауқарлы. Тасқын болған күні арнамен соның жартысына жетер-жетпес қана су келген. Солай бола тұра шаруа шығынға батты. Апаттың себебін анықтау мақсатында олар құзырлы орындарға шағым түсірді.   

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Бөлісу