Жаркент пен Шолақай елді мекенін жалғайтын 16 шақырым жол ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген
Алматы облысында ірі магистральдар салынып жатқанымен, ауылға қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейді. Жаркент қаласы мен Шолақай елді мекенін жалғайтын 16 шақырым жол ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Өкініштісі сол, онсыз да қараусыз жатқан жолды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәліз құрылысы кезінде ауыр техника жүріп, әбден тоздырып тастаған. Жол азабын тартқан ауыл халқы арнамызға хабарласып, мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Шолақай тұрғындарымен өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тілдесіп келді.
Жаркенттен Шолақайға қатынайтын тұрғындардың көліктері жолға шыдас бермей, әбден тозып бітті. Сондықтан, ауыл тұрғындары үшін қалаға есек арбамен қатынаған әлдеқайда тиімді.
Сұрықсыз жолдың азабын тартып жүргендердің бірі - такси жүргізушілері. Олардың айтуынша, үлкен жүк көліктері 4 жыл бойы осы жолмен жүріп астан-кестенін шығарып жіберген.
Нұрлан Сейітбеков, ауыл тұрғыны:
- Көлігімізбен жанұямызды асырап отырмыз. Шыны керек, тапқанымыздың жартысы бөлшекке кетеді. Бір жөндегенің екі айға жетпейді.
Құрылысшылардың жол саламыз деп екінші жолды бүлдіргеніне ауыл тұрғындары да өкпелі. Қазір Жаркент қаласынан шыққан көліктің бәрі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистраліне жету үшін ауыл ішімен жүреді. Көлік күні-түні тынбайды. Шолақайлықтар енді қауіпсіздіктері үшін алаңдайды.
Ғалымжан Әкімжанов, ауыл тұрғыны:
- Екі адам қаза тапты. Бірі кішкентай бала, бірі қырық жастағы әйел. Бірақ, ешқандай өзгеріс болмай жатыр.
«Енді олар кетті» деп ақсақал жол төсеген мердігерлерге кейіп отыр. Жөні бар. Өйткені, құрылыс компаниясы әуел баста бұзылған жолдарды жөндеп береміз деген кепілхат та қалдырған. Бірақ, жұмысын бітіріп, ешқандай міндеттемелерін орындамай ізім-қайым тайып тұрған. Қазір олармен облыстық Автомобиль жолдары басқармасы соттасып жатыр.
Серік Самұратов, облыстық Автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қорытындысы шықпағаннан кейін оларды екінші рет сотқа беруге мәжбүр болып отырмыз. Екінші сотты ұтып алатын шығармыз деп ойлап отырмыз. Бірінші сотты ұттық. Бұлар қашпай тұрғанда ұстап алып жөндеткізу керек.
Мердігер кәсіпорын Шолақайдың жолын ғана емес, облыстық маңызы бар бірнеше бағытта 30 шақырымнан астам жолды ойран еткен.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы