Жаңа жылдан кейін мемлекеттік балабақшалардың жұмыс уақыты ұзарады
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған. Алайда, әзірге бұл өзгеріс қандай қаражат есебінен жүзеге асырылатыны белгісіз.
Алма Дәулетова жеке кәсіпкер. Таң атпай жанталасып жүріп баласын балабақшаға тастап, ары қарай жүгіреді. Кешке де сол қарбалас. Жұмысы кеш аяқталатындықтан үлгеру қиын дейді.
Алма Дәулетова, Астана қаласының тұрғыны:
- Балабақшаның кешкі уақытын міндетті түрде созу керек деп санаймын. Өйткені, көп ата-аналардың жұмыстары кешкі алты, алты жарым кейбіреуінікі тіпті жетіде бітіп жатады. Сол кезде балаларын қалай аламыз деп жатқан ата-аналар өте көп.
Осы мәселеге байланысты қазан айында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман арнайы депутаттық сауал жолдаған болатын. Себебі, бүлдіршіндерді балабақшадан алып кетуге байланысты келеңсіз жағдайлар орын ала бастаған.
Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, Астана қаласындағы кейбір балабақшаларға ата-аналар кешіккеннен кейін басқа бір жат адамдар, сенімсіз адамдар алып кетуге тырысқан әрекеттер болған. Бұл балалардың денсаулығы мен тағдыры үшін қауіпті нәрсе.
Жаңа өзгеріс енгізілгеннен кейін мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелер таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді.
Тек Астана қаласы бойынша жұмыс уақытын 1,5 сағатқа созу үшін жылына 500 млн. теңге қажет. Бұл қаражат ата-аналардың қалтасынан шығады ма, әлде қала қазынасынан бөлінеді ме?! Әзірге белгісіз. Мәселе талқыланып жатыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздің 5 өңірінде осы тәжірибе енгізілген. Ол жерлерде бұл шығын облыс бюджеті есебінен өтелген.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы