Ақтөбе облысында апатқа ұшыраған автобус техникалық тексерістен өтпеген
Ақтөбе облысының аумағында жанып кеткен автобустың қожайыны Ордухан Мехтиев бүгінде көршілес Өзбекстан Республикасында тұрады. Оның атына осындай жолаушылар тасымалдайтын үш автобус рәсімделген. Алайда, ол құжаттардың барлығында жалған мекенжайды жазып қалдырған. Шымкент қаласында да, Ақтас пен Жібек жолы ауылдарында да ондай үй жоқ екені анықталды. Сондай-ақ, оның меншігіндегі автобустың жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік құралы ретінде құзырлы мекемелердің тіркеуіне алынбағаны да белгілі болып отыр.
«Setra» маркалы автобусқа жолаушылар Жібек жолы ауылындағы заңсыз тұрақтардың бірінен мінген. Зауыттан 1989 жылы құрастырылып шыққан автокөлік соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын техникалық тексерістен өткен.
Олег Петухов, Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:
- Автобус кезекті рет 2016 жылдың ақпан айында техникалық тексерістен өтуі керек еді. Алайда, мәліметтер базасы арқылы оның әлі күнге дейін бұл талапты орындамағанын көріп отырмыз. Ал, 2015 жылы осы көлік құралының техникалық жағдайын тексерген жеке кәсіпкер «Ысқақов» орталығы бүгінде қызметін тоқтатқан. Жұмысында жиі кемшілік жібергені үшін арнайы реестрден алып тастағанбыз.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы