Наурыз мерекесі Өзбекстанда да ерекше сән-салтанатпен аталып өтеді
Сан ғасырдан бері тойланып келе жатқан Наурыз мерекесі Орта Азия халықтары, соның ішінде оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда да ерекше сән-салтанатпен аталып өтеді. Өйткені, мәртебесі жағынан Ұлыс күні ел Тәуелсіздігі күнінен кейінгі екінші мейрам болып есептеледі. Мұндағы ағайын «Наурызды қалай күтіп алсақ, жыл толығымен соған сай ырысты несібелі және қуанышты болып өтеді» деп есептейді. Сол себепті ашу-араз болып жүргендер бір-бірін кешіріп, жақын-жуықтарына сыйлық жасап, қуанышқа бөлейді.
Ғани Қалмаханов, тілші:
- Шаһардың бас алаңы саналатын өзбек жазушысы Абдулла Кадыри атындағы саябақта республиканың барлық облыстарынан арнайы өнерпаздар тобы келген. Олар көпшілікке өз өңірлерінің салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнерін паш етуде.
Хорезм, Сурхандарья, Навои, Қоқан. Республикадағы осындай атауға ие 12 облыстың өкілдері саябақта өз алдына сахна құрып, мерекелік бағдарламаларын көрсетіп жатыр. Олардың арасында Қарақалпақстан Республикасы да бар. Түбі бір түркі жұрты Наурызды биыл да төңірегі түгел, мал жаны аман қарсы алып отыр.
Наурыз Өзбекстанда көптен бері алғаш осылайша кең көлемде мерекеленуде. Бұл өңірлер арасындағы байланысты мейлінше нығайта түспек. Таңертеңнен басталған мерекелік шаралар түске жақын ұлттық ойындарға ұласты. Көпшілік әсіресе, епті жігіттердің арқан үстіндегі өнеріне дуылдата қол соқты.
Зафар Норматов, Ташкент қаласының тұрғыны:
- Елімізде болып жатқан сейілдер, тәлімді шаралар баршаның жүрегінде сұлулық, жастарға деген үмітті оятуда. Сол себепті, көрші қазақ халқына да өзіміздің ең ізгі тілектерімізді арнаймыз. Тыныштық, бейбітшілік, Наурыз айы қазақ халқына құтты болсын!
Наурыз мерекесін тойлау Өзбекстанда үш күнге созылмақ. Бұл күндері барлық жерлерде концерттік бағдарлама, қолөнер шеберлерінің көрмесі және халықтық серуен жалғасын табады. Жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы