Басты Жаңалықтар ОҚО-ның 76 ауылда су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр

ОҚО-ның 76 ауылда су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 20 мыңға жуық тұрғынның таза суға қолы жетеді. Бүгінде өңірдегі 76 ауылда су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Оған қазынадан 9,6 миллиард теңге бөлінген. Екі жылға жоспарланған нысан құрылыстарының 20-ы жыл соңына дейін аяқталады. Осылайша, облыстағы  таза су жеткізілген елді мекендер саны 635-ке жеткелі отыр. 

Қазақ-өзбек шекарасының шебіндегі Қоралас елді мекені биыл су тапшылығынан құтылмақ.  Екі жүзден астам түтіні бар  ауылдың халқы неше жылдан бері суды алыстан тасып ішеді. Әр үй ауласына үлкен ыдыстар орнатып алған. Сонысын аптасына бір суға толтырып алады.  

Орман Қадыров, Қоралас ауылының тұрғыны:

- Денсаулықтың жақсы болуы суға байланысты. Бұрын Өзбекстаннан небір жерден өтіп қоқыспен келетін суды ішетінбіз. Қазір таза су керемет болды.

Құрылысқа 310 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 15 шақырым магистральді желі жүргізіледі. Онан соң әр үйге жеке-жеке құбыр тартылады. Қазір құрылыс басында бірнеше техника мен 30-ға тарта адам жұмыс істеп жатыр.

Бақытжан Келдібеков, мердігер компанияның өкілі:

- Жаңадан ұңғыма қазамыз. Одан екі су қоймасын саламыз. Су барлығына жеткілікті болады.

Қазір өңірдегі 76 ауылда осындай қызу құрылыс жүріп жатыр. Биыл 13 елді мекенге ауызсу жеткізіледі, тағы 2 ауылдың тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады. Жалпы, еліміз егемендік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде  облыстағы 615 елді мекенге су жүйесі тартылды. Соның нәтижесінде  бүгінде қала халқының 93 пайызы, ал ауыл жұртының 74 пайызы мөлдір тұщы суды тұтынып отыр.

Жанәділ Айтбеков, Энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- 2020 жылға дейін  84 нысанды  іске асырып, сумен қамту деңгейін ауылдар бойынша 83 пайызға, қалалар бойынша 97 пайызға жеткізу көзделуде.

Осы мақсатта 150 елді мекеннің маңындағы жерасты су қорының мөлшері анықталды. Алдағы екі жылда тағы 35 ауылға таза су барады. Қазір құбыр тарту жұмыстарының жобасы жасалып, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін  құжаттар әзірленуде.   

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу