Түркістан облысында 45 гектар жерге алма бауы егілді
Кезінде дәмі тіл үйретін жеміс-жидегімен аты шыққан Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төле би ауданының сол мәртебені қайта иеленетін күні алыс емес. Аймақта биыл игерусіз жатқан 40 гектар жерге интенсивті тәсілмен алма бағы егілді. Жыл соңына дейін оның аумағы тағы екі есеге ұлғаймақ. Өйткені, бау баптаған бағбанның табысы еселі болып тұр.
Баққа алманың голден делишес, айдаред, гала және ред делишес секілді 4 түрі егілді. Ерте көктемде отырғызылған алма көшеті жергілікті ауа райына тез бейімделіп, жылдам тамыр жайды. Шаруалар қазір оларды артық өскіндерден арылтып жатыр.
Нұрсұлтан Тұрсынбай, жұмысшы:
- Бойын өсіру үшін артық жапырақ, бұтақтарын алып тастап жатырмыз. Бойын үлкейтіп алсақ, келесі жылға жақсы өнім береді. Ортадағы бұтағын қалдырамыз. Қалғандарын алып тастаймыз.
Алма бағы тұтастай тамшылатып суарылады. Бұл ағаш тамырына жеткілікті қорек жіберуге және оның біркелкі болып өсуіне жағдай жасайды. Алқаптың бірнеше жерінен әуіздер қойылған. Алқапты суару жұмыстарының барлығын бір ғана маман реттеп, бақылайды.
Қуаныш Жұмаділов, агроном:
- Бұлардың ерекшелігі, аласа бойлы болғанымен, өнімі өте жақсы. Бірінші сымда тамшылатып суару шлангасы тартылған. Арасы 60 сантиметрден. Су әрқайсысының түбіне жеке-жеке тамшылатылып отырады.
Серіктестіктің жемісті сақтайтын мұздатқыш қоймасы да бар. Келешекте оның жанынан жемісті қайта өңдейтін шағын цех салынбақ. Жалпы, Төле би ауданында биыл жеміс бақтарының аумағын мейілінше ұлғайту ісі қолға алынды. Бос жатқан жерлер игеріліп, ескі бақтардың орнына жаңадан жеміс көшеті отырғызылмақ.
Бұқарбай Парманов, Төле би ауданының әкімі:
- 250 гектар жерді алып, кооператив ұйымдастырдық. Оның инвестициясы 1 миллиард 250 миллион теңге. 2019 жылдың көктемінде сол жердің бәріне алма бақтар егіледі.
Аймақта 20 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. 2020 жылға дейін интенсивті тәсілмен егілген алма бауының көлемі 124 гектарға жетпек. Бұл тірлік шаруалар үшін әлдеқайда пайдалы болып тұр. Аласа бойлы ағаштардан жергілікті алмаларға қарағанда 2-3 еседей артық өнім жинауға болады. Оның табысы өз алдында, мұнан бөлек, кооперативтерден жиналған салық әр ауыл округының өз қазынасын толықтыра түседі.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы