Басты Жаңалықтар Облыс әкімдігі Түркістанға көшті

Облыс әкімдігі Түркістанға көшті

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлері Шымкент қаласынан облыс орталығы –Түркістанға көшті. Тарихи көшті бастаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: «Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, 21 хан, 40 батыр, 19 би мәңгілік тыныс тапқан тарихи мекенді қайта түлету бүгінгі ұрпақтың перзенттік міндеті екенін атап өтті. Облыс орталығына қарай әкім аппаратымен 26 басқарма, 28 аумақтық департамент өкілдері, ұзын-ырғасы мыңға жуық адам жолға шықты. «Тарихи мекенге қоныс аударғандардың арасында әсіресе, жас қызметкерлердің көп болуы Түркістанның әлеуетін арттырып, қаланы жедел қарқынмен көркейтуге ерекше серпін бермек. Жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындауда», - деді Жансейіт Түймебаев.  

Рухани шаһарға біржола қоныс аударған қызметкерлерді түс ауа Түркістан жұртшылығы салтанатпен қарсы алды. Облыс орталығына табан тіреген әкімдік қызметкерлері Түркі дүниесінің түпкі отанында тұңғыш мәжілісін де өткізді. Өңір басшысы бүгінге дейін орнығып үлгерген басқармалардың жұмысымен танысып, алдағы атқарылатын шаруалар бойынша міндеттерді нақтылады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу