Түркістан облысында 3 баласы бар 23 жасар келіншек үшем босанды
Облыс мәртебесіне ие болып, қайта еңсе тіктеп келе жатқан Түркістанда алғашқы үшем дүниеге келді. Өңірдің Келес ауданында тұратын Түктібаевтар шаңырағы бұған дейін 3 бала өсіріп, тәрбиелеп отырған жас отбасы. Отанасы Аяжан осылайша небәрі 23 жасында көпбалалы батыр аналардың сапына қосылды.
Жас отбасының көптен күткен тілектері орындалды. Шаңырақтарының базары қыза түсті. Ата-анасы жарық дүние есігін ашқан сәбилеріне Алмахан, Төрәлі және Фатима деп ат қойыпты. Ана болу бір бақыт. Перзенттің күлкісіне бөлену өмірлік шаттық. «Мамандар «үшем табасыз» дегенде сенер-сенбесімді білмей, іштей толқып, аздап қорқып жүр едім. Бәрі сәтті болғанына қатты қуанып отырмын»,-дейді Аяжан.
Аяжан Төленді, үшемнің анасы:
- Күтпеген жағдай болды. УЗИ-ге барғанда таңқалдым. Жалпы, жағдайлары жақсы.
Үшемдер анасымен қазір Шымкент қаласындағы перинаталды орталықта жатыр. Барлығының да денсаулығы неонатолог дәрігерлердің бақылауында. Салмақ қосып, саулықтары толық тіктелгенше олар медицина қызметкерлерінің қарауында болады.
Гүлнар Нұрмұхамедова, Облыстық перинаталды орталығының бөлім меңгерушісі:
- Балалар операция жолымен алынды. Барлық жағдайды істедік. Анасына балаға қалай қарау керек, соның бәрін түсіндірдік.
Үшемдер енді амандық болса бір аптадан соң үйлеріне қайтады. Алмахан, Төрәлі мен Фатима өңірде жаңадан құрылған Келес ауданында туған алғашқы үшем болып отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы