Елбасы бекіткен Бас жоспарға сәйкес Түркістанда бірнеше нысан бой көтермек
Түркістан қаласын дамытуға арналған бас жоспарға сай шаһарда құрылыс қарқын алды. Облыс орталығында қазір жаңа мөлтек аудан бой көтеріп келеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Іріктеліп алынған сәулет нысандарын салу кезінде Түркістанның тарихи құндылықтарын сақтап, Яссауи кесенесі негізінде мәдени-рухани орталықты жандандыра түсу көзделген.
Сәулетшілер әзірлеген жоба бойынша Түркістан бірнеше кезеңмен дамиды. Оның алғашқысында шаһар маңындағы 20 гектар жер игерілді. Ол аумаққа Конгресс холл, әкімшілік ғимараты мен басқарма-департамент үйлерін салу жоспарланды. Бұдан кейінгі кезеңдерде қала аумағы тағы 675 гектарға дейін ұлғаяды. Түркі халықтарының музейі, театр, спорт кешендері мен сауда орындары бой түзейді. Қазақ хандары мен билерінің орталығы салынады.
Еркін Жүсіп, облыстың бас сәулетшісі:
- Макеттеріміз Елбасыға ұнады. Одан соң Түрік мемлекеті де әкімшілік-іскерлік орталығын жасаған. Олар да бір нұсқасын көрсетті. Сол жұмыстардың барлығы кешегі халықаралық жұмыстардың ішіндегі ең жақсы деген, тиімді деген жерін бас жоспарда қараймыз.
Жоспарға сай Түркістанның оңтүстік-шығысынан «Отырар» деп аталатын мөлтекаудан бой көтеріп келеді. Қазір мұнда 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы мұндағы пәтерлерге 1200 отбасы жайғасады. 900 орындық мектеп салынып бітеді.
Сейітмұрат Сейілбеков, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Сонымен қатар, 9 көпқабатты үйдің жеңімпаздары анықталып, осы таяу арада оны да бастауға дайынбыз. Ендігі жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады.
Тұрғын үйлерді 5 мердігер мекеме салып жатыр. Баспаналар сапалы құрылысымен және айырықша сәулетімен ерекшеленбек. Бұл жұмыстарға қазынадан 4, 2 млрд. теңге бөлінген.
Төребай Оразбеков, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Салып жатқан, келген материалдардың бәрін өзіміздің отандық тауардан алып жатырмыз. Темір, бетон бұйымдары өзіміздегі зауыттан шығады. Кірпіш те өзімізден шығады.
Астананың тәжірибесін негізге ала отырып, облыс орталығында «Түркістан генплан» мекемесі құрылды. Бұл құрылым шаһардың бас жоспарын түзу, оны жүзеге асыру ісімен айналысады. Мекемеге Астана мен Алматы қалаларынан білікті мамандар шақыртылған.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы