Былтырғы жылыту маусымында газды дұрыс пайдаланбаудан 55 адам көз жұмған
Үйдегі газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты. Бірақ, заңның талабына да, өз өмірлеріне де салғырт қараудың кесірінен қайғы мен азапқа душар болатын отбасылардың саны азаймай тұр. Былтырғы жылыту маусымында табиғи газды дұрыс пайдаланбау салдарынан 55 адам көз жұмды, оның 32-сі – Түркістан облысының тұрғындары. Осыны ескерген «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары қыс түспес бұрын дабыл қағып, түсіндіру жұмыстарын өткізе бастады.
Тазаланбаған мұржа. Істемейтін желдеткіш. Салдарынан улы түтін сыртқа шығудың орнына ішке тарайды. Не иісі, не түсі жоқ улы газға тұншығып қалып жатудың негізгі себептері осылар. Сондай-ақ, қайғылы жағдайдың көбіне су жылытқыш газ қондырғыларын пәтерлердегі жуынатын бөлмеге заңсыз орнатудан болып отыр. Былтыр 18 адам жуынатын бөлмеде иіс тиіп қайтыс болды.
Бауыржан Байтілеуов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының бас маманы:
- Қауіпсіздік үшін жылыту маусымы басталарда әрбір тұрғын газ қондырғыларын тексерістен өткізуі тиіс. Пайдаланылатын қондырғыларда қауіпсіздік автоматикасы болғаны жөн. Бұл құрал жалын өшіп қалғанда немесе мұржа бітеліп қалғанда газ беруді автоматты түрде тоқтатады.
1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан, бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мамандар сонымен бірге тұрғындарға пәтер ішіне газ тарай бастағанда белгі беретін арнайы дабылқаққыштар орнатуға да кеңес берді.
Айсара Жақсылық, облыс тұрғыны:
- Күн суытып жатыр. Осылай бізге айтып, түсіндіріп жатқандарына көп рахмет. Түсінгенім бойынша, алдымен газ құбырларын тексеріп, содан кейін ғана қосу керек.
Тұрғындар үйдегі газ жабдықтарын, мұржа-пештерін жылына ең болмаса, бір рет тексертіп тұрса, қайғылы жағдай азаяр еді. Бірақ, осы тексеру жұмыстарына да қойылатын талап болмай тұр. Өйткені, бұл жұмыстарды лицензиясы бар кез келген фирма жасай береді. Ал олардың жұмысын кім бақылайды? Мұндай қадағалау функциясын арнайы құрылған газ-техникалық инспекция атқаруы тиіс. 2015 жылы құрылуы тиіс мұндай инспекция әлі жоқ. Ал, қандай да бір қайғылы жағдай бола қалса, зардап шеккендер газ қызметкерлеріне жүгінеді. Олардың міндеті – тек газ жеткізу, әр үйде көгілдір отынның үздіксіз жанып тұруын қамтамасыз ету.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы