Басты Жаңалықтар Түркістан облысында «Сафари Шардара» деген атпен алғаш рет туристік фестиваль өтті

Түркістан облысында «Сафари Шардара» деген атпен алғаш рет туристік фестиваль өтті

Аты мен құсын баптаған саятшылар бұл күні Қызылқұмның қойнауында бүркіт пен қаршығаға аң ілдіріп, тазы жүгіртті. Ал, епті де, білекті жігіттер болса бөренеге өрмелеп, қошқар мен кір тасын көтерді. Арқан тартып, боз кілемде белдесті. Сондай-ақ, жол талғамайтын автөкөлікті тізгіндегендер мен  мотошабандоздар да сусыған құм үстінде өнер көрсетті.

Таң атысымен сайысты бастап кеткен балықшылар болды. Қармағын қамдап келген 70-ке тарта әуесқой жағалауда қатар тұрып, олжалы болуға барын салды.  

Ертуған Әбдуайытов, балықшы:

- Шардараны танытатын осы су қоймасы мен Сырдария. Сырдарияның аты айтып тұрғандай сырының өзі бір бөлек. Ал, Шардараның су қоймасындағы балыққа тең келетін балық жоқ.

Халықаралық деңгейдегі фестиваль бұдан соң желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы секілді спорт сайыстарына ұласып кетті. Жұртшылық қайықшылардың сайысын тамашалады.

Бұл күні қайта жаңғырған ұлттық ойындардың бірі - түйе жарысы болды. Түйені тізгіндеген балалар 500-700 метрге және бір шақырым жерге түйемен желіп жарысты.

Тәжібай Нарбаев, Шардара қаласының тұрғыны:

- Қазіргі жарыс халықтың бір рухын көтерді.  Өте кермет болды.

Фестивальде көпшілік саятшылардың да өнерін бейілі ауа қызықтады. Оған қазақты әлемге әйгілі еткен бүркітші қыз Айшолпан да қатысты. Шардараның сайын даласы сондай-ақ, енді авто және мото шабондаздар үшін өздерінің ептілігін сынға салатын орынға айналғалы тұр. Жарысқа қатысушылар сусыған құмды бұрқырата тілгілеп, композициялық шоу ұйымдастырды. 

Жасұлан Төлебеков, облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы жерде жаңа маршрут ашылады. Ертеңгі күні автокөлік қызықтаушылар осы жерге келіп, өздерінің жарыстарын, барханымызды көріп, кең даламыздың табиғатын тамашалай алады. 

Туризмді дамыту үшін Шардара су айдыны жағалауынан 250 гектар жер бөлініп отыр. Бұл аумаққа  жеке инвесторлардың қаржысына 60-тан астам туристік нысан салынбақ. Фестиваль Қызылқұм қойнауындағы Шардараның осындай әлеуетін шартарапқа танытып, таныстыруды мақсат етті.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу