Басты Жаңалықтар Шымкенттің іргесіндегі Ынтымақ ауылына әлі газ берілмеген

Шымкенттің іргесіндегі Ынтымақ ауылына әлі газ берілмеген

Шымкент қаласындағы Ынтымақ шағын ауданына табиғи газ желісі тартылғанына екі жылдан астам уақыт өтсе де, жұрт әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. 1000-нан астам отбасы газ құбырын әлдеқашан үйлерінің ішіне дейін тартып алған. Бірақ, құбыр бар да, ішінде газ жоқ. Өйткені, құрылысқа тапсырыс берген билік, мердігер мен газ тарату мекемесі бір-бірінің жұмысынан кемшілік іздеп, бастарын арашалаумен әлек.

Гүлбаһардың биыл да көмір жағудан басқа амалы қалмады. Қарызданып, қауғаланып жүріп  былтыр үйі ішіне газ құбырын жүргізді. Шығынданып, қазандық та орнатты. Енді бәрі де құр әшейін сәндік үшін қойғандай боп, пайдаға аспай тұр.

Гүлбаһар Дәуренқұлова, қала тұрғыны:

- Бәрін сатып алып қойғанбыз. Бәрі қымбат. Енді газ бола ма, болмай ма, білмейміз деп отыр.

Ынтымақта тап осындай күй кешіп отырған жалғыз бұл отбасы емес. Мыңнан астам үйде жағдай осы. Мөлтекауданға газ құбыры тартыла бастағанда алақайлап қуанған жұрт енді бүрсең қағып отыр.

Шаһадат Мырзалинова, қала тұрғыны:

- Бізді ешкім тыңдамайды, тыңдағылары да келмейді. Дайын тұрған газды кіргізіп бергілері келмейді.

Шағын аудандағы газ желісінің құрылысы 2016 жылы басталған. Биыл шілдеде әупіріммен бітті. Мердігер компания бәрін аяқтап, нысанды тапсырдым-ау дегенде «Қазтрансгаз Аймақ» әр жерінен бір кемшілік тауып, көгілдір отын беруге асығатын емес. 

Мұстафа Артықов, «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ бас маманы:

- Құрылыс нормаларында талапқа сай келмейтін мәселелер шығып тұр. Сол бітсе, газ қосуға дайынбыз.

Жұртқа осылай дегенімен, монополист мекеменің жергілікті билікке қойып отырған талабы мүлдем бөлек. Нысанды іске қосу, оның осы кезге дейінгі күтіп ұстауына кеткен шығындарына ақы өндіріп алмақ ниетте.

Биболат Әбуов, Шымкент қаласы Абай ауданы әкімдігінің бас маманы:

- Келісімшарт мәселесі кешеуілдеп қалған. Тұрғын үй-коммуналдық шарушылығы мен «Қазтарансгаз Аймақ» ортасында келісімшарт түзілген. Сол шартқа байланысты созылып тұр.

Ала жаздай саусақ қимылдатуға ерінген құзырлы орындар жұрттың жанайқынан соң енді әрекетке көшті. Қажетті қаржыны сұрап, жоғарыға хат жазды. Желідегі кем-кетікті бүтіндеуге кірісті. Уәдесінде тұрса бір аптаның төңірегінде Ынтымаққа көгілдір отын жеткізіп бермек.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу