Басты Жаңалықтар Тұрбатта газ құбыры босқа тұр

Тұрбатта газ құбыры босқа тұр

Түркістан облысындағы Тұрбат ауылына газ құбыры осыдан 7 жыл бұрын тартылғанымен әлі күнге жұрт көмір жағып, күл шығарып отыр. Мыңнан астам отбасы газ құбырын әлдеқашан үйлерінің ішіне дейін тартып алған. Қазандық пен есептегішке дейін орнатқан. Бірақ, оның бәрі де сәндік үшін қойылғандай болып, пайдаға аспай тұр.

Ғани Қалмахан, тілші:

Жасы 70-тен асқан Оразкүл апа күн суытқалы тынығып, аяқ созудан қалды. Үш бөлемелі үйді  жылыту үшін таң азаннан тұрып, күл шығарады. Отын тасып, көмір жағады. Жаздай газ кеп қалар деген үмітпен жүрген-ді. Күткені болмады. Амалсыз 3 тонна көмір сатып алды.

Оразкүл Шаумарова, ауыл тұрғыны:

-Пешке саламыз.Күнде күл шығарамыз.Келін жұмыста, өзім істеймін.

Тұрбатта 1 600 шаңырақ бар. Барлығының көрген күні - осы. Кезінде мердігер мекеме құбырды үйге дейін жүргізіп, есептегішіне дейін орнатқан. Арнайы есепшот ашамыз деп, келісімшарт жасаған. Қағазға қол қойдырып, әр үйден 80-90 мың теңгеден жинап алған. Содан бері ізім-қайым жоқ.

Бектіллә Момбеков, ауыл тұрғыны:

-Үйіме монтаж жасап, 30 мың алды. Және 4-5 үйге аркамен өткізу үшін 50 мың ақша алды. Солардың бәрін алды да кетті. Қалтамызды қағып, сол күйі отырмыз. Не газ жоқ, не басқа жоқ.

Бағила Жұмабаева, ауыл тұрғыны:

-Міне, арада 4 жыл өтті. Ол кезде келісімшартқа енем қол қойып еді. Ол кісі газдың рахатын көре алмаған күйі дүниеден өтіп кетті. Есептегіш құрал қойып, кіргізіп береміз деген, әлі бір адам хабар алған емес.

Жергілікті билік елдің мұқтаждығын әлі күнге елең қылатын емес. Ауыл азаматтарын құрғақ уәдемен алдаусыратып, арқаға қағып шығарып салумен келеді.

Тұрлыбай Шаумаров, ауыл тұрғыны:

-Аудан әкіміне күн ілгері жазылдық қабылдауына. 9 адам барамыз деп. Тіркеді. Есепке алды. Біз барған күні әкім қашып кетті. Газ беретін мекеме басшысы да қашып кетті. Орынбасарлары бізді құрғақ әңгімемен шығарып салды.

Оған өзіміз де көз жеткіздік. Әкімдіктегі бұл іске жауапты мамандардың өзі Тұрбаттағы газ желісінің  қазіргі жай-күйінен мүлдем бейхабар болып шықты.

Ермек Момбеков, Қазығұрт ауданы әкімдігінің сектор меңгерушісі:

-Қазір жүйе тұр ғой. Ақаулар шықса, біз анықтасақ, мердігерлерге айтамыз. Оны қазір шыны керек мен білмеймін. Қай жерде не болып жатқанын.

Көшені бойлай жүргізілген құбырлардың біраз жері әлдеқашан бүлінген. Құбырлар кесілген. Майысып сынған жері де бар. Осылайша, қазынаның 400 миллион теңгесіне жүргізілген желі игілікке жарамай жатып, тозып, қирап барады. 

Ғани Қалмахан

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу