Басты Жаңалықтар Кентау қаласында мүгедек жандарға берілген үй сапасыз болып шықты

Кентау қаласында мүгедек жандарға берілген үй сапасыз болып шықты

Түркістан облысының Кентау қаласында пәтерлі болдық деп төбесі көкке жеткен көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандар арада екі ай өтпей жатып баспанадан жеріп отыр. Өйткені, жаңа салынған үйдің сырты сәулетті болғанымен, ішкі кем-кетігі жұртты әуреге салып қойды. Жылуы мардымсыз. Табиғи газға жалғанбаған. Салдарынан бұл отбасылар электр қуатына ай сайын 25-30 мың ақша төлеуге мәжбүр.

Жарық мекемесі қызметкерлері Гуля Маханбетоваға бір айда тұтынған электр қуаты үшін 30 мың теңгенің төлемақы түбіртегін ұстатқанда сенер-сенбесін білмеді. Оның растығына көз жеткізу үшін есептегішті көрейін десе, сыртынан құлыптап тастаған. Кілт бақылаушыларда. 

Гуля Маханбетова, көпбалалы ана:

Жеті күнде төлесеңдер төледіңдер, төлемесеңдер жарықты қиып кетеміз дейді. Мен ол 30 мың 200 теңгені қайдан төлеймін. Қуанышыммен алған үйімде қазір мен жылап отырмын.

Пәтерлердің суықтығы тұрғындарды титықтатып жіберді. Жылу жүйесі тартылғанымен, үйге кіргелі мұндағылардың бойлары жылыған емес.

Пернекүл Керімбекова, жетім баланың асыраушысы:

Кіргеннен бері денеміз жылып, жылу болған емес бұл үйде. Тек күн шығады мына жақта соған денеміз шамалы болса да жылып қалады.

«Жығылғанға жұдырық». Үкіметтің жәрдемақысымен жан бағып отырған  отбасылардың біразы жаңа үйге қоныстанғалы бұл жеңілдіктен де қағылды. Жәрдемақы алу үшін мекен жайға тіркелу керек. Бірақ, бұл іс те созылып келеді.

Айнұр Керімбекова, жалғызбасты ана:

Тіркеуге барсам тұрғызбайды. Әлі дайын емес деп. Жәрдемақы алмасам мына үй үшін қалай  ақша төлймін. Жәрдемақыдан қағылдым. Өзімнің табатын 33 мың ақша жетпейді.

Жергілікті билік мұның бәрі тұрғындардың өздерінің қамсыздығынан деп отыр. 

Асқат Әбдірәсілов, Кентау қаласы әкімінің кеңесшісі:

Мүмкін бізден де қате кетіп отырған шығар. Түсіндірме жұмысын жүргізбеген шығармыз. Жеткізе алмаған шығармыз. Сондықтан, бүгін оларды шақырып, туындаған сұрақтарына жауап береміз.

Жаңадан салынған екі үйге 120 отбасы қоныстанған. Пәтерлер баспана кезегін күткен көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар мен әке-шешесінен айырылған балаларға берілген. Олар 10-15 жыл дегенде  баспана тауқыметінен  әрең құтылдық па деп жүргенде енді тұрмыстың түйткіліне тұтылып отыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу