Басты Жаңалықтар Шымкентте көпбалалы жұбайлар 21 мың теңге үшін ажырасып жатыр

Шымкентте көпбалалы жұбайлар 21 мың теңге үшін ажырасып жатыр

Шымкент қаласында жылдар бойына бір-бірімен тату тәтті өмір сүріп, перзент тәрбиелеп келе жатқан отбасылар аяқасты жанұясынан теріс айналып кетіп жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін әке баласынан безіп, анасы соттың шешімін күтіп, табанынан тозып жүр. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері соттарға 856 азамат ажырасу туралы арыз берген. Бұл өткен жылдағыдан анағұрлым көп.

Феруза 14 жыл отасқан ерімен ажырасты. Осыдан бір ай бұрын сот арқылы некелерін бұзды. Енді соттың шешімін күтіп жүр. 6 бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар мұндай қадамға амалсыздан барған. Екеуінің табысы жайлы тұрмыс кешуге жетпейді. Ал атаулы әлеуметтік көмекті алуға отбасы кедергі болған.

Отбасылық қатынастардан туындаған даулардың өрішіп тұрғанын адвокаттар да растады. Мамандардан заңның талаптарын, ақыл-кеңес сұрап келетіндерді қарасы көбейген.

Айнұр Әшірова, адвокат:

- Қазіргі таңда көп белең алып жатқан мәселе ажырасу барысында біз күйеуімізбен ешқандай қарым-қатынасымыз нашар емес, бірақ мемлекеттен қандайда да бір көмек алу мақсатында деген ойын айтып заңдылық көмекке жүгінетіндер бар.

Қала ішіндегі аудандық соттар бір аптаның ішінде осындай 10-15 іс қарайды.

Шымкент қалалық соты берген дерек бойынша 2017 жылы 3 193 отбасы, былтыр 3 198 ерлі-зайыпты неке бұзу туралы арыз берген. Ал биылғы жылдың үш айында мұндай жаняұлар саны 856-ға жетіп отыр.

Нұрлан Биболов, Шымкент қалалық соты азаматтық істер алқасының судьясы:

- Оның 600-ге жуығы неке бұзумен байланысты істер. Оның 60-70-ке жуық ісі татуласу рәсімімен аяқталған. Міне, қараңыз қаншама отбасы бұзылды.

Шымкент қаласында бүгінде 31 мың көпбалалы, 3 200-дей тұрмысы нашар отбасы тіршілік етеді. Бүгінгі таңда оның 20 мыңы үкіметтен қаржылай көмек берілетіндер тізіміне енген. Ал, бұл топқа ілінгісі келетіндер әлі де көп.

Жанар Әтенова, қала тұрғыны, көпбалалы ана:

- Шартты және шартсыз деп бөліп қойған. Шартты дегеніңіз күйеуі барлар, ал шартсызға күйеуі жоқтар жатады дейді. Сонда шартсыз алу үшін біз күйеуімізден ажырасуымыз керек пе? Бір ақшаға бола ақ некемізді бұзамыз ба?

Отбасы - қоғамның тірегі, бала - қазынасы. Шымкент қалалық соты ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптыларды медиация арқылы татуластыруға күш салып отыр. Сондай-ақ, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында түрлі тренингтер, жиындар мен шаралар өткізе бастады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Бөлісу