Басты Жаңалықтар Шымкентте жолмен жүздеген адамның ақшасын банк арқылы қалтаға басқан медициналық клиниканың басшылары ұсталды

Шымкентте жолмен жүздеген адамның ақшасын банк арқылы қалтаға басқан медициналық клиниканың басшылары ұсталды

Емдеу мекемесінің құрылтайшысы Алматы қаласында бой тасалып жүрген жерінде қолға түскен. Олар Ресей мен Қырғызстан елінің азаматтары болып шықты.

Жанар Абылаеваны дәрігерлерге тегін қаралуға клиниканың өзі шақырған. Медициналық тексерістен соң оның ағзасында жан түршігерлік түрлі сырқаттар бары анықталады. Оның еміне 450 мың теңге сұрайды. Мұндай ақшаны қарапайым ұстаз қайдан тапсын. Дәрігерлер дереу клиниканың ішінде отырған банк өкілдеріне жетелеп апарып, атына несие рәсімдетеді. Ақша клиниканың еспшотына түседі. Осылайша сырқатынан құлан таза айығамын деп барған Жанар ауруына дерт қосып, одан қалса банкке берешек боп қалған.

Жанар Абылаева,  Ленгр қаласының тұрғыны:

Манипуляция дейді, блок па сондай нәрселер салды. Оншақты массаждан соң ауырып, операцияға түстім.

Шымкентте ашылған осындай екі клиникаға 4 мыңдай адам қаралған. Емхана биыл мамырда аяқ асты жабылып, жұрт жер сипап қалады. Біразының емі аяқталмаған. Көбі несиеге алған ақшаларын кімнен дауларын білмей сандалып жүр. Олар әрқайсысы 240 мың  мен 1 миллион теңгенің аралығында клиника  қожайындарына  несие  ақша берген. 

Мадина Болатова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Денсаулығымыз түзелген жоқ. Қайта денсаулығымызға қиыншылық қосып алдық. Бәрі сандалып, ауырып жатыр. құлап, талып жатыр. Осының бәрін бала-шағамыздың аузынан жырып, денсаулығымыз үшін барған едік.

Ботагөз Серікбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Айына 14 мың төлейміз. Бір жарым жылға не ем жоқ. Ақшаны далаға төлеп жатырмыз. Бала шағаның аузынан жырып.

Клиника өз қызметкерлерін де сазға отырғызып кетті. Қаңтар айынан бастап оларға жалақы бермеген.

Вячеслав Строгин, клиника қызметкері:

Клиникада ешқандай біліктілігі жоқ мамандар жұмыс істеді. Тіпті кейбірі медицинаға ешбір қатысы жоқ қызметкерлер. Жоғары білімі жоқ фельдшер секілді мамандар науқастарды емдеді.

Клиникаға қаралып, алаяқтардың арбауына түскен азаматтардың арызынан соң полиция құрылтайшыларды құрықтады. Қазір олар уақытша абақтыда отыр.

Шымкенттегі екі клиниканың екеуі де құлыптаулы. «Евромед» және  «Хардклиник» деген атауын да алып тастаған. Жалпы осы секілді атаулармен ел аумағында  6 клиника жұмыс істеген.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Бөлісу