Түркістан облысы Мырзакент ауылындағы тұтас бір көшенің халқы әлі күнге жолдың азабын тартуда
Кентте тұрып өркениет игіліктерінен кенде қалған тұрғындар. Түркістан облысы Мырзакент ауылының халқы әлдеқашан көгілдір отын жағып, тақтайдай тегіс жолмен жүйтікіп жүргенде осындағы тұтас бір көшенің халқы әлі күнге бейшара күн кешіп келеді. 15 мыңдай халқы бар аудан орталығының барлық жеріне осыдан 6 жыл бұрын газ тартылғанда бұл көше санатқа енбей қалған екен. Ал биыл аймақта жүздеген шақырым жол жөнделіп жатыр. Бірақ өгейлік көрген тұрғындардың жолы тағы ескерусіз қалған.
Амантай Лайысханов, Мырзакент ауылының тұрғыны:
Жастар, балалар, немерелерге өте қиын. Машина өтсе шаң тозаң. Азаннан кешке дейін жұтамыз. Қыста тіптен жүре алмаймыз. Резеңке етік киеміз...
Мұндағы әйелдер мен келіндердің де әрі күні азаппен өтіп жатыр. Азаннан қара кешке дейін жер ошақтың басында. Қара баланың қамы үшін қара қазанның басында түтінге ысталып жүргені. Тезекпен шәй қайнатады, ас пісіреді.
Тойжан Қусақова, Мырзакент ауылының тұрғыны:
Қыста дірдектеп от жағып, жазда 90 градуста қайнап тамақ жасаймыз. Ыстық күнде ыстық от жаққан оңай емес қой. Осының салдарынан күн өтіп, бас ауырып, ауруханаға да барып жатамыз.
Бір көшенің бойындағы 30 шаңыраққа ең қиыны қыста үй жылыту болып тұр. Көмірдің тоннасы күн суыта 28-30 мың теңгеге дейін қымбаттап шыға келеді. Онан бөлек отын жарып, күл шығарудың азабы тағы бар.
Бейсенкүл Құлмұрзаева, Мырзакент ауылының тұрғыны:
Біз өте қиналдық. 10 тонна көмір жақсақ 15 тонна күл шығарамыз. Аллергиялық ауру басып жатыр көшемізді...
Тұрғындардың жанайқайынан соң әкімдік әйтеуір әрекетке көшті. Қазынадан 6 миллион теңге қаржы бөліп, келер аптада жолға асфальт төсеп бермек. Көшеге табиғи газ құбырын тартып беруге де қам жасап жатыр екен.
Ғұламжан Егембердиев, Мақтарал ауданы түкш бөлімінің бас маманы:
Жалпы қаралған қаржы 3,5 миллион теңге. Ағымдағы жылдың тамыз айында сараптаманың қорытындысы шығады. Содан соң облысқа қаржы бөлдіру үшін ұсынылатын болады.
Құрылыстың жобалау құжаттарын құзырлы орындар мақұлдауы үшін әлі 1-2 айдай уақыт қажет. Бұл іс оңынан келгеннің өзінде газ желісін тарту тек келер жылы көктемде басталатын болады.
Ғани ҚАЛМАХАН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы