Басты Жаңалықтар Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени мұра мәртебесіне ие нысандар арнайы заңмен қорғалады

Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени мұра мәртебесіне ие нысандар арнайы заңмен қорғалады

Қазір елімізде мұндай 25 мыңнан астам орын бар. Оның 11 мыңға жуығы айрықша қамқорлықты, ерекше қорғауды қажет ететін жалпыұлттық мәдени байлық санатында. Мәжіліс талқылауындағы заң жобасында осы тарихи орындарымызды есепке алу, оның жағдайына бақылау жасау, сараптама жүргізу мәселесіне ерекше маңыз беріліп отыр. Құжатты мейлінше сапалы етіп әзірлеу мақсатында бүгін Мәжіліс депутаттары Түркістан қаласында көшпелі отырыс өткізіп, тарихшы-археолог мамандардың ой-пікірін тыңдады.

Мәжілістің көшпелі отырысына қатысқан археолог ғалымдар талқыланып жатқан заң жобасына қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Оның бірі - тарихи нысандарды реставрация жасайтын мамандар мен археологтардың біліктілігі және оларға лицензия беру мәселесі. Олардың пікірінше, жаңғырту ісі мен археология жұмысына рұқсат жеке-дара берілуі керек. Қазба ісін сол саланың маманы, жаңғыртуды өз ісінің шебері жасағанда ғана мәдени-тарихи жәдігеріміз қаз-қалпында сақталады. Сондай-ақ, мамандар тарихи ескерткіштерді есепке алуға байланысты да өз ойларын жеткізді.

Бауыржан Байтанаев, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры:

- Археологиялық ескерткіштер бірден есепке алынуы керек. Егер біраз уақыт өтсе, құнды жәдігерлер жойылып, тоналып кетуі мүмкін.

Әзірленіп жатқан заң жобасына сәйкес, ел аумағындағы жаңадан табылған археологиялық нысандар енді 3 немесе 5 жыл мерзімге уақытша есепке алынады. Осы мерзім ішінде оның құндылығы мен маңыздылығы анықталады. Соған сәйкес табылған нысан тарихи мұралар санатына енеді немесе тізімнен алынып тасталады.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі:

- Заң жобасы бойынша өкілетті органға және жергілікті атқару органдарына тарихи мұра объектілерінің жағдайына мониторинг жасау құзыреті беріледі. Сол арқылы жағдайы нашарлаған объектілерді дер кезінде анықтауға, олардың сақталуын жақсартуға мүмкіндік туады.

Заң жобасын талқылауға байланысты бұған дейін Мәжіліс депутаттары 11 рет отырыс өткізді. Құжат нақтыланып бекітілген соң, бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Нақтырақ айтсақ, жер, құрылыс, сәулет, әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң нормаларына жаңа баптар қосылады.

Ғани ҚАЛМАХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу