Шардаралық балалардың Астанаға тартуы
Түркістан облысында демалыс лагерінде тынығып жатқан Шардара ауданының балалары бүгінгі Астана мерекесін ерекше көңіл күймен өткізуде. Олар төрткүл әлемді сәулеттік кескінімен таңқалдарған Астананың әсем келбетін асфальт бетінде бейнелеп, ән мен жырдан тарту жасады.
«Бәйтерек», «Хан шатыры», «Ақ орда», «Нұр әлем». Балалар Елорданың мақтанышы болған осындай сәулеті ерекше ғимараттарды асфальт бетінде айнытпай бедерлеуге барын салуда. Біразы бұл жерлерді Астанаға саяхаттап, тамашалап көрген. Енді бірі кітаптан оқып, экраннан көргенін қиялмен ұштастырып жатыр.
Бірғаным Саттар, мектеп оқушысы:
Салып жатқан суреттерде Астанаға деген сүйіспеншілік бар, Астана қиялдағы қала. Ондағы әрбір нәрсені суретке түсіруге тырысып жатырмыз.
Сауықтыру орнында қазір бір ауысымда 100 бала тынығып жатыр. Жайлы жатын орын. Шомылу бассейні. Түрлі ойын сауық алаңдары. Лагерьдегі тәрбиешілер спорттық және мәдени шараларды ұйымдастырумен қатар, балалардың тарихи танымдарын кеңейтуге айырықша көңіл бөліп отыр. Оқушылар шығармашылықты шыңдайтын түрлі үйірмелерге қатысады.
Динара Әуелтай, мектеп оқушысы:
Сурет сала алмайтынмын. Келгелі суретті өте жақсы салатын болдым. Апликация жасаймыз. Күнде іс-шаралар болады. Кешке әр топтың концерттік бағдарламалары болады.
Мұнда көңіл сергітетін мәдени, спорттық және танымдық негізде түзілген іс шаралар кешке дейін толастамайды. Жас өрендердің бірі сурет салып, қиялын қағаз бетінде өрнектесе, енді бірі сахнада өнерін танытуда. Мұндай мүмкіндіктен тұрмыс жағдайы нашар отбасылардың балалары мен ата ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер де қағылған жоқ.
Ақшагүл Бердалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы:
Бірінші кезекте тұл жетім балалар бар. Одан бөлек аз қамтамасыз етілген отбасы балалары бар. Құқық бұзушылыққа бейім деп өзімізде есепте тұрған балалар бар. Жалпы саны 130-дан астам. Олар биылғы жылы бюжет есебінен тегін дем алады.
Балалардың жазғы демалысы тамыз айының ортасына дейін жалғаспақ. Осы аралықта Шардарадағы лагерьде 600 бала тынығып, көтеріңкі көңілмен өз отбасыларына оралады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы